Жаздағы жайлы демалыс
Алтынкүл Сембаева, Алматы облысы Талғар ауданы №21 орта мектебінің кәсіподақ төрайымы.
Жаз жыл мезгілдерінің ішіндегі ең жарқын әрі көңілді мезгіл. Көптеген адам үшін жаз демалыс пен қызықты оқиғалардың уақыты. Бұл мезгілде саяхаттау мен жаңа жерлерді көру ерекше қызық. Кейбіреулер теңіз жағалауында демалуды қаласа, басқалары ауылға барып табиғаттың тыныштығынан ләззат алады. Әсіресе, тоғыз ай бойы еңбегін білім мекемесінде атқарған ұстаздар қауымы жазғы демалысты асыға күтеді. Себебі, жазғы демалыс адамның көңілін көтеріп, жанын сергітеді, адамға көптеген есте қаларлық сәттер сыйлайды. Сондықтан жаздың әр сәтін есте қалатындай өткізу әр адамның өз қолында. «Алматы облысының оқу-ағарту және бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі жыл сайынғы дәстүрін жалғастырып, кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайту мен сергек өмір салтын қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Кәсіподақ мүшелерін жолдамамен қамтамасыз ету маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта кешенді жұмыс жасап келеді. Нәтижесінде кәсіподақ мүшелері толыққанды демалыс пен шипажайлық ем алып жақсы көңіл-күймен жұмысқа оралады. Биыл Талғар аудандық бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ мүшелеріне 230 адамға шипажайларға жолдама бергені есімізде. Атап айтар болсақ «Алакөл» сауықтыру орнында демалуға 200 адамға, «Ыстықкөл» сауықтыру орнында демалуға 264 адамға мүмкіндік жасады. Табиғаты тамаша, шипалы суы мен тыныштыққа толы ортасы бар жерлерде денсаулықты қалпына келтіруге жақсы жағдайлар жасады. Барлық демалушыларға емдік іс-шаралар, минералды су қабылдау, таза ауада серуендеу, түрлі спорттық және мәдени бағдарламалар ұсынылды. Демалушылар үшін бұл күндер тек денсаулықты күшейту уақыты ғана емес, бір-бірімен жақынырақ танысып, тәжірибе алмасуға, шығармашылық шабыт алуға мол мүмкіндік болды. Әріптестер арасындағы бірлік пен ынтымақты арттырған бұл демалыс сапары көптің көңілінен шықты.
