Әлеуметтің әлеуетін арттыруға үлес қосқан – Әкімбай!
Мен облыстық білім басқармасы «Білім беруді дамыту орталығының» математика пәні әдіскері, Сарыағаш ауданының Құрметті азаматымын. Осы аудандағы іскер азаматтармен сыр сұхбат жүргізіп келемін. Ондағы мақсатым – ел үшін еселі еңбек еткен жандардың тәлімді тәжірибесін жан-жақты ашып көрсету болатын. Еңбегімен еленген белсенділерді ел білуі тиіс деп ойлаймын. Бүгінгі кейіпкеріміз – Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты, Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы Әкімбай Зейтбайұлы Тастанбеков мырза. Бұл азамат, кәсіподақ саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегін ғана емес, өнегелі өмірі бүгінгі жастарымызға үлгі болады деп білемін.
— Әкімбай Зейтбайұлы мен өзіңізді сонау 1989 жылдан бері білемін. Сөз бастамас бұрын шамалы келісіп алайық. Бүгінгі сұхбат бұрынғыдан мүлде өзгеше болады, баяғыдай жұртты мезі ететін жаттанды сұрақтар емес, бүгін тосын сұрақтар, креативті сауалдар, жұрттың көкейіндегі кейбір түйткілдер туралы ашық пікірлесу болмақ. Егер кей сұрақтарға сонша қиналсаңыз жауап бермеуіңізге болады. Бірақ ондай жағдайда, қорытындыны оқырман қауымның өзі жасауына тура келетінін ескертемін. Дайынсыз ба?!
— Жарайды, қойыңыз сұрағыңызды!
— Сіз қазір аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы емессіз, бірақ облыстық кәсіподақ комитетінің кеңесшісісіз. Бұл тосын жай ма әлде алдын-ала жоспарланған сценарий ме?!
— Соңғы жылдары барлық жерде тек салалық және жергілікті кәсіподақтар ғана емес, өз мүшелерінің еңбек, әлеуметтік тағы басқа мүдделерінің ортақтығы негізінде азаматтармен ерікті түрде құрылатын, қоғамдық бірлестіктер пайда бола бастады. Бұл 2014 жылғы «Кәсіптік одақтар» туралы Заңға 2016 және 2020 жылдары енгізілген қосымшалар мен өзгерістер нәтижесі болатын. Мұны елімізде еркін ойлай алатын, ерікті қоғамның нығайып келе жатқанының айқын көрінісі деп түсінген орынды. Қоғамда демократиялық үрдістер дамыған сайын ондағы әрбір азамат өзінің таңдау құқығын іске асыруға мүмкіндік алады. Бұл бір. Екіншіден, жалғыз кәсіподақ болған жерде бәсекелестік болмайды, қоғамда ашықтық пен шынайылық шектеледі. Басқаша айтқанда, демократиялық қоғамның басты алғышарты азаматтар таңдау мүмкіндігін пайдалана алмайды. Сондықтан мұны тосын болған жағдай деуге келмейді. Жоспарлы деуге де келмейді. Өйткені, еліміздің шынайы демократиялық жаңаруын жоспарлау мүмкін емес. Ол қоғамның әрбір мүшесінің парасат деңгейінің өсуімен келетін үрдіс. Ол өзінің арнасымен, бүкіл қоғамдық сананың дамуымен, байыппен жүретін табиғи құбылыс. Оны сырттан бұрып тоқтатуға да немесе жылдамтатуға да болмайды.
— Мен аудандағы кәсіподақ комитеті төңірегінде сұрақ қойып едім, сіз бүкіл қоғамда орын алып жатқан демократиялық жаңаруларға қарай әдемі бұрылдыңыз. Сіз он екі жыл депутат болдыңыз. Кешегі депутат пен бүгінгі депутаттың аражігін бір ауыз сөзбен қалай түйіндер едіңіз?!
— Бұл менің жеке пікірім деп қабылдаңыз. Негізгі айырмашылық қоғамдық сананың өсу деңгейінде деуге болады. Басқаша айтқанда, біздер алғаш депутат болған сонау 1999 жылдары елдің әлеуметтік жағдайы қазіргідей емес төмен болды. Бюджет тапшылығы да көптеген шаруалардың өз деңгейіне шешілуіне кедергі келтіретін. Ал бүгінгі әрбір депутат өз ауылы ғана емес, бүкіл ауданның шеңберінде, тіпті облыс пен республиканың көлемінде ой қорытуға тиіс. Бұл дегеніңіз, бүгінгі депутаттан үлкен жауапкершілікпен қабат мол ғылыми біліктілікті, дәйекті дәлелдемелерді талап етеді деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі депутаттар елдің аманатын жүрегімен сезінетін елшіл, елдің жай-күйін дөп басып тани алатын жанашыр, мемлекетіміздің ертеңін болжай алатын көреген болуы керек.
— 1997 жылы ауданның Ломоносов, Жамбыл, Майлықожа және Амангелді атындағы іргелі мектептердің директорлары «Айт мерекесі» күні сабақта болмаған деген себеппен жұмыстан босатылды. Кейіннен аудандық кәсіподақтың араласуымен қызметтеріне оралғанын естідік.
— Ия, ол кездер тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді, мерекелер де демалыс күндері де заңмен бекітіліп үлгермеген кездер ғой. Аталған мектептер расында ауданымыздың іргелі мектептері саналатын. Мен аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде олардың жұмыстан заңсыз босатылғанын дәлелдеп шықтым. Бұл менің ғана емес, жалпы кәсіподақ комитетінің үлкен жеңісі болды. Сол жылдары жалпы саны 100-ге тарта заңсыз бостылған мұғалімдердің де қайта қызметіне оралуына ықпал еттік.
— Сіз аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде талай қысқарған штаттар мен қосымша төлемдердің қалпына келуіне ықпал еттіңіз. Осы белсенділігіңіз кейіннен депутат болуыңызға кедергі келтірді деп ойлайсыз ба?!
— Жоқ олай ойламаймын. Мен не істесем, кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау, олардың әлеуметтік-экономикалық, отбасылық жағдайларын жақсарту мақсатында заң шеңберінде істедім. Оған ешқашан өкінбеймін. Атап айтқанда, 1996 жылы экономикалық қиын кезеңде, аудан мектептерінде 44 педагог-психолог маманы, 52 тәлімгер, 55 шеберхана меңгерушілері, факультативтік сабақтар, бөліп оқыту қысқартылса, 1997 жылы ауылдық жерде жұмыс істейтін мұғалімдерге төленетін 25 пайыз қосымша төлемдер қысқартылды. Осы жағдайлар аудандық кәсіподақ комитетінің кеңейтілген алқа мәжілісінде қаралып, сол кездегі аудан прокуроры С.Бейсалиевке арнайы қаулы жолданып шешілді. Кейбір күрделі мәселелер, (он жыл төленбеген еңбекке жарамсыздық парағының 20 млн теңгесі) ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қ.Айтахановқа депутаттық сауалнама жазу арқылы оң шешімін тапты. Оған қоса, екі аудан қосылып, ұзақ жылдар бойы төленбей келген мұғалімдердің біліктілік курстарының іссапар шығындарын төлеу 2011 жылы шешімін тапты. Бұл мұғалімдер үшін үлкен көмек болды.
— 2011 жылы елімізде алғашқылардың бірі болып аудандық кәсіподақ комитетінің «Оқу-әдістемелік орталығы» ашылды. Оның негізгі мақсатын айта кетсеңіз.
— Негізгі мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдары қызметінің маңызды бағыттарын іске асырудағы жұмысын жақсарту, оларға тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсету болды. Жалпы білім саласы бойынша қолданыстағы нормативтік-құқықтық материалдар, түрлі бұйрықтар мен қаулылар, заңдар барлық жерде қол жетімді емес. Негізі осы кемшіліктердің орнын толтыруды мақсат еттік. Осы орталықтың базасында аудандық кәсіподақ ұйымы кәсіподақ активтері үшін «Кәсіптік одақтар туралы», «Педагог мәртебесі туралы» заңының кітапшасы, «Ұлт болашағының бастауы мектеп, арқауы кәсіподақ» атты кіші педагогикалық энциклопедия шығарылды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарына пайдалану үшін «Техникалық еңбек инспекторларының ережесі туралы», «Өндірістік кеңес туралы», «Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулық», «Еңбек кодексіне өзгерістер мен қосымшалар туралы» материалдар электрондық үлгіде дискке жазылып берілді. Бүгінде аудандағы барлық кәсіподақ мүшелері осы шаралардың игілігін көріп отыр.
— Сіздің кәсіподақ саласындағы отыз жылдам астам атқарған шаруаларыңызды бір сұхбатта толық баяндау мүмкін емес әрине. Дегенмен, талай жыл халық алдында жүрген азамат ретінде еліміздің бүгіні мен ертеңін қалай пайымдайсыз?
— Ия, бүгінгі білім беру саласын жаңа технологияларсыз, жасанды интеллектілерсіз елестету мүмкін емес. Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Президентіміз 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп атады. Бүгінгі жұмысшы ол замануи цифрлық технологияларды еркін игерген, еркін ойлайтын, белсенді де шығармашыл тұлға болуы керек. Кешегі атақты Абылай ханның «Білекке сенген заманда, жауға есе бермедік Білімге сенген заманда артта қалып кетпелік» деген аталы сөзі күні бүгін бұрынғыдан да маңызды. Өйткені, елдің ертеңі жаңа технологиялар, жасанды интеллект, толықтай цифрлық жүйе екені белгілі болды. Бүгінде iPhone – Apple ұялы телефонын жасаған американдық Стиф Джобс екенін бәріңіз білесіздер. Қазір ол компанияны Илон Маск деген инженер басқарып отыр. Сол ЭППЛ компаниясы жыл сайын Американың салық орындарына Қазақстанның жылдық бюджеті бестен бірі көлеміндей салық құяды. Басқаша айтқанда, сол бір ғана инженер өз мемлекетіне жыл сайын бүкіл Қазақстанның жылдық табысының бестен біріндей салық төлейді. Ал жақын келешекте қоғамдық өміріміздің барлық саласы толық цифрланады. Нақты айтқанда, барлық сала цифрлық технологияның жетістіктерімен ғана өмір сүреді. Барлық көліктерде жүргізушілер болмайды компьютермен басқарылады. Ешқандай объектіде күзетші дегендер болмайды бейне бақылау құрылғылары күзетеді. Тас қалаушы, сырлаушы, сылақшы, мал бағушы, сауыншы тағы басқа сол сияқты қызметтердің барлығын компьютер атқарады. Күні ертең, ғылымды бүгін игермеген бала қойшы да, жүргізуші де, күзетші де, тіпті сылақшы да бола алмайды. Сондықтан бүгінгі жастарға айтарым, білімге ұмтылыңдар, ғылымға ден қойыңдар, мүмкіндігінше ғылым мен технологияны терең игеріңдер дегім келеді.
— Рахмет!
Сұхбаттасқан:
Асылбек Ақбергенов
