Бас келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) мен кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасындағы 2024 – 2026 жылдарға арналған Бас келісім
Бұдан әрі Тараптар, ал жеке алғанда Тарап деп аталатын республикалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік тараптарының өкілетті өкілдері әлеуметтік әріптестікті күшейту мен дамыту және өкілдік ететін тараптардың (мемлекет, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер) әрқайсысының Қазақстан Республикасының заңнамасындағы мүдделерінің теңгеріміне, әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізу және қоғамдық келісімді нығайту үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оны мүлтіксіз сақтауды тани отырып, Тараптардың тепе-тең өкілдігі мен тең құқықтылығы, өзара құрмет және әрбір Тараптың қабылданған міндеттемелерді орындауы үшін жауаптылығы және сындарлы өзара іс-қимыл қағидаттарын басшылыққа ала отырып, осы Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) мен кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасындағы 2024 – 2026 жылдарға арналған Бас келісімді (бұдан әрі – Бас келісім) жасасты.
Бас келісім Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес:
— әлеуметтік әріптестік және диалог;
— әлеуметтік-экономикалық саясат;
— еңбек нарығы, халықты жұмыспен қамту;
— еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік;
— әлеуметтік-еңбек жанжалдары мен ереуілдерді ескерту және алдын алу жөніндегі іс-шаралар;
— әлеуметтік-еңбек және онымен байланысты қатынастар саласындағы нормашығармашылық жұмыс;
— Бас келісімнің орындалуын бақылау тәртібі;
— өзіне алған міндеттемелерді орындамағаны үшін тараптардың жауаптылығы;
— салалық және өңірлік деңгейлерде келісімдерді әзірлеу мен қабылдауға қатысу үшін байқаушылар тобын қалыптастыру тәртібі мен оның қызметі және Бас келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі туралы ережелерді қамтиды.
- ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ЖӘНЕ ДИАЛОГ
Бас келісім шеңберінде әлеуметтік әріптестікті және диалогты дамыту үшін Тараптар өздеріне мынадай:
1.1. әлеуметтік және экономикалық дамудың негізгі мәселелері бойынша шешімдер қабылдау, әлеуметтік-еңбек қатынастарын және олармен тікелей байланысты өзге де қатынастарды реттеу кезінде әлеуметтік әріптестік тетігін қолдануды тарату жолымен барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік жүйесін одан әрі институттандыру бойынша;
1.2. Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелерін жетілдіру арқылы әлеуметтік әріптестік институтын реформалау жолымен өз өкілдерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру және қорғау бойынша кәсіптік одақтар бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) және жұмыс берушілер бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) стратегиялық рөлін арттыру бойынша міндеттемелерді қабылдады.
Тараптар салалық және өңірлік деңгейлерде, оның ішінде тиісті деңгейде келісімдер жасасу бойынша әлеуметтік әріптестікке жәрдемдесе алады;
1.3. ұйымдардың тиімді қызметін қамтамасыз ету үшін жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің мүдделерін келісу, оның ішінде әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер мен стратегиялық құжаттардың жобаларын әзірлеуде және (немесе) талқылауда әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың рөлін күшейтуге бағытталған бірлескен жұмыс бойынша міндеттемелерді қабылдады.
Оларға жүктелген міндеттерді орындау мақсатында қабылданған әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың шешімдерін әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары көрсетілген мерзімде міндетті түрде қарауға және орындауға тиіс.
1.4. басқарудың барлық деңгейінде әлеуметтік әріптестік пен диалогты дамытуға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізу бойынша;
1.5. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия (бұдан әрі – Республикалық үшжақты комиссия) және оның жұмыс органдары туралы ережені (бұдан әрі – Ереже) жаңа редакцияда әзірлеу және 2024 жылы қабылдау бойынша міндеттемелерді қабылдады.
- ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ
Бас келісім шеңберінде адами капиталдың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, орнықты экономикалық өсу, барлық қазақстандық үшін өмір сүру сапасының жоғары стандартына қол жеткізуге жағдайлар жасау үшін Тараптар өздеріне мынадай:
2.1. адал бәсекелестікке, инвестицияларды проактивті тартуға, технологиялық трансферт пен адами капиталдың жоғары деңгейіне негізделген экономикалық дамудың ашық және болжамды моделін құру үшін орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясатты іске асыруға жәрдемдесу бойынша міндеттемелерді қабылдады.
Жұмыскерлердің жалақысын арттыру бойынша мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын алған кәсіпорындардың қарсы міндеттемелерін белгілеу жөнінде шаралар қабылданатын болады;
2.2. азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етуге және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жәрдемдесу бойынша міндеттемелерді қабылдады, Тараптардың бірлескен күш-жігері азаматтардың зияткерлік әлеуетін ашуға, жаңа білім тудыруға және оларды экономикаға тез әрі тиімді енгізу үшін жағдайлар жасауға бағытталатын болады.
Тараптар адами капитал ұлттық байлық болып табылады деп есептейді және медициналық көмекті және білім беруді ұдайы жақсарту, сапалы жұмыс орындарын құру мен кәсіптік дағдыларға оқыту адами капиталды дамытуға және одан әрі ұйымшыл қоғам құруға ықпал етеді.
Білім, дағды және денсаулық – адами капиталдың негізгі сипаттамалары, өз кезегінде адами капитал тұрақты экономикалық өсудің және елдегі қажетті өзгерістердің негізі болып табылады.
Осыған байланысты, Тараптар ғылыми және практикалық қызметті өзара байланыстыруға, білімді коммерцияландыруға және инновациялық экожүйені дамытуға күш салады;
2.3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде бюджеттік процестің айқындығы мен ашықтығын арттыруға жәрдемдесу бойынша;
2.4. Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде ашық экономиканың ілеспе факторы ретінде көші-қон процестерін, оның ішінде еңбек саласында реттеуді дамыту бойынша;
2.5. «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыруда көзделген шараларды өзектендіру бойынша;
2.6. Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі кезеңге Орнықты даму мақсаттарын ілгерілету бойынша;
2.7. Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп лайықты еңбек жөніндегі бағдарламаны әзірлеу бойынша міндеттемелерді қабылдайды.
- ЕҢБЕК НАРЫҒЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
Бас келісім шеңберінде еңбек нарығын дамыту және халықты тиімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін Тараптар өздеріне мынадай:
3.1. Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың
2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде сапалы жұмыс орындарына жағдай жасау және жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейту, инклюзивті еңбек нарығын қалыптастыру бойынша;
3.2. Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту басымдықтарын айқындау; өмір бойы оқу үшін ұлттық біліктілік шеңберін, салалық біліктілік шеңберлерін, кәсіптік стандарттарды, кәсіптер тізілімін әзірлеу және (немесе) өзектендіру; кәсіптік бағдарлау жүйесін дамыту; өндірісішілік оқытуды және озыңқы кәсіптік оқытуды дамыту, сондай-ақ кәсіптік біліктілікті тану рәсімдерінен өту, оның ішінде босатылатын жұмыскерлердің өтуі; тәлімгерлік институтын дамыту және танымал ету; «Жаңа кәсіптер атласын» өзектендіру және қолдану бойынша;
3.3. еңбек ұтқырлығы мен көші-қонын ынталандыру, еңбек қатынастарын ресімдеу және стандартты емес жұмыспен қамтудың барлық түрінде әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту; жұмыс берушілердің шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту жағдайларын болдырмау, еңбек жағдайларын сақтамау, бірдей біліктілік кезінде тең еңбек үшін еңбекақы төлеудегі сәйкессіздік фактілеріне жол бермеу бойынша;
3.4. бұқаралық ақпарат құралдары мен заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, ақпараттық пиар-кампаниялар арқылы жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, оның ішінде «Еңбек жолы» республикалық конкурсын өткізу бойынша міндеттемелерді қабылдады.
- ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЛАРЫ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ, ӨНЕРКӘСІПТІК ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК
Бас келісім шеңберінде Тараптар еңбек қызметі процесінде жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді адами капиталды сақтау, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекті қорғауды, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұлттық басымдықтардың бірі деп есептейді және өздеріне мынадай:
4.1. 2024 – 2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде еңбекті қорғау саласындағы ұлттық саясат пен бағдарлама және еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесінің компенсаторлық модельден тәуекелге бағдарланған модельге көшуі бойынша;
4.2. әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы гендерлік проблемаларды шешуге жәрдемдесу, оның ішінде кәсіпорын басшыларын гендерлік саясат және кемсітушілікке қарсы шаралар мәселелері бойынша оқытуды ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде балалар еңбегінің ең нашар нысандарын жою бойынша;
4.3. еңбек жағдайлары бойынша Кәсіпорындардың цифрлық картасын енгізуге белсенді қатысу бойынша;
4.4. еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер мен еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың қызметін жетілдіру бойынша;
4.5. ұжымдық шарттар, өңірлік және салалық келісімдер жасасуды цифрландыруды енгізу және кәсіподақтың автоматтандырылған платформасын құру бойынша;
4.6. азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар жұмыскерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру бойынша;
4.7. мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын еңбекті қорғау мәселелері бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың нәтижелерін пилоттық байқаудан өткізу бойынша;
4.8. қауіпсіз еңбек мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру және консультациялық жұмысты (кеңестер, семинарлар, тренингтер, конференциялар және т.б.) ұйымдастыру және өткізу бойынша;
4.9. Республикалық үшжақты комиссияның қарауына:
— жұмыспен қамтудың икемді нысандарын жетілдіру (платформалық жұмыспен қамту және т.б.);
— жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру;
— еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін адамдарды қоса алғанда, зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру;
— еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша келісілген ұсынымдар әзірлей отырып, салалық келісімдерде белгіленген еңбекке ақы төлеу жүйесінің негізгі қағидаттарын және ұжымдық шарттарда жалақыны индекстеу тәртібін қолдануға бірлескен талдау жүргізу;
— табиғи монополиялар саласындағы тариф белгілеуді коммуналдық сектор (су-, газ-, жылу-, электрмен жабдықтау және су бұруды қамтамасыз ету) жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу бөлігінде жетілдіру мәселелері жөнінде ұсыныстар дайындау бойынша;
4.10. Айлық жалақының ең төмен мөлшерін айқындау әдістемесіне сәйкес ең төмен жалақыны айқындау бойынша;
4.11. ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді қоса алғанда, еңбекті нормалауды ұйымдастыруға, салалық еңбек нормаларын өзектендіруге, еңбекті нормалау жөніндегі мамандарды кәсіби даярлауға жәрдемдесу бойынша міндеттемелерді қабылдады.
- ӘЛЕУМЕТТІК-ЕҢБЕК ЖАНЖАЛДАРЫ МЕН ЕРЕУІЛДЕР
Бас келісім шеңберінде әлеуметтік-еңбек жанжалдары мен ереуілдерді ескерту және алдын алу үшін Тараптар өздеріне мынадай:
5.1. еңбек даулары мен жанжалдарын шешуге жәрдемдесу, ұжымдық-шарттық реттеу практикасын дамыту мен әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында кәсіпорындардың проблемалық мәселелерін қарау бойынша;
5.2. еңбек даулары мен жанжалдарын шешудің қолданыстағы тәртібін жетілдіру, ұжымдық-шарттық реттеу практикасын дамыту, әлеуметтік-еңбек саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша;
5.3. жұмыскерлер мен жұмыс берушілер үшін еңбек заңнамасының негіздерін түсіндіру, келіссөздер жүргізу дағдыларын дамыту және еңбек жанжалдарында консенсусқа қол жеткізу бойынша бірлескен семинарлар мен тренингтер өткізу бойынша;
5.4. Әлеуметтік шиеленістің алдын алу және әлеуметтік-еңбек жанжалдарын шешу жөніндегі жол картасын әзірлеу және қабылдау бойынша;
5.5. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) құрған жұмыс тобы шеңберінде Еңбек жанжалдары бойынша өзін-өзі бағалау диагностикасы құралын зерделеу мәселелері жөнінде жұмысты жалғастыру бойынша (ХЕҰ жобасы);
5.6. Еңбекминінің ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде скорингтік модель негізінде әлеуметтік-еңбек қақтығыстары мен ереуілдерді ерте анықтау жүйесін жетілдіру бойынша міндеттемелерді қабылдады.
- ӘЛЕУМЕТТІК-ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ НОРМАШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰМЫС
Бас келісім шеңберінде еңбек қатынастары және еңбекпен тікелей байланысты өзге де қатынастар, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық қатынастар саласындағы заңнаманы жетілдіру үшін Тараптар өздеріне мынадай:
6.1. Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын ескере отырып, әлеуметтік-еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіру бойынша;
6.2. еңбек қатынастары және еңбекпен тікелей байланысты өзге де қатынастар, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық қатынастар саласындағы заңдардың жобаларын қарау бойынша міндеттемелерді қабылдады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау қызметінің жоспарларын қалыптастыру кезінде Бас келісімнің іске асыру тиісті заңнамалық актілердің қабылдануын талап ететін нормаларын есепке алуды қамтамасыз етеді;
6.3. жұмыскерлердің, жұмыс берушілердің және мемлекеттік органдар өкілдерінің еңбек қатынастары және еңбекпен тікелей байланысты өзге де қатынастар, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық қатынастар саласындағы құқықтық сауаттылығын арттыру жөніндегі
іс-шараларды жүргізуге белсенді жәрдемдесу бойынша;
6.4. Республикалық үшжақты комиссияның қарауына әлеуметтік әріптестік туралы заң жобасын әзірлеу жөніндегі ұсыныстар дайындау бойынша;
6.5. Халықаралық еңбек ұйымының «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төмен нормалары туралы» (№102); «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы» (№131); «Ақылы демалыстар туралы» (№132); «Ұжымдық келіссөздерге жәрдемдесу туралы» (№154); «Еңбек гигиенасы қызметтері туралы» (№161), «Кәсіпкердің төлем қабілетсіздігі жағдайында еңбекшілердің талаптарын қорғау туралы» (№173), «Шахталардағы еңбекті қорғау туралы» (№176), «Ауыл шаруашылығындағы еңбек қауіпсіздігі және гигиенасы туралы» (№184), «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен жыныстық қудалауды болдырмау туралы» (№ 190) конвенцияларын ратификациялау үшін шарттар мен процедураларды орындауға бағытталған бірлескен жұмысты жүргізу бойынша міндеттемелерді қабылдады.
- КЕЛІСІМНІҢ ОРЫНДАЛУЫН БАҚЫЛАУ ТӘРТІБІ
7.1. Үкімет еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган атынан өзінің ресми сайтында «Әлеуметтік әріптестік» бөлімінде әлеуметтік әріптестікке байланысты барлық құжаттарды, оның ішінде Бас келісімді, оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын, ол бойынша мерзімді есептілікті (жылына кемінде 2 рет) Республикалық үшжақты комиссия туралы ережені, оның отырыстарының барлық хаттамаларын орналастыруды қамтамасыз етеді.
7.2. Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен бастап бір ай мерзімде өзіне қабылданған міндеттемелерді орындау жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуге және Бас келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасын қалыптастыру әрі оны Республикалық үшжақты комиссияда одан әрі қарау және бекіту үшін Еңбекминіне жіберуге міндетті.
7.3. Бас келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын бақылау және мониторингтеу Республикалық үшжақты комиссия туралы ережеде айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
Бас келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын бақылау және мониторингтеу қорытындылары бойынша Республикалық үшжақты комиссия Тараптардың орындауына міндетті шешімдер қабылдайды.
7.4. Тараптар Бас келісімді іске асыру, Республикалық үшжақты комиссияның қызметі, әлеуметтік әріптестікті және әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамыту мәселелеріне арналған материалдарды өздерінің ресми интернет-ресурстарында тұрақты жариялауды жүзеге асырады.
- САЛАЛЫҚ ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК ДЕҢГЕЙЛЕРДЕ КЕЛІСІМДЕРДІ ӘЗІРЛЕУГЕ ЖӘНЕ ҚАБЫЛДАУҒА ҚАТЫСУ ҮШІН БАЙҚАУШЫЛАР ТОБЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ТӘРТІБІ
8.1 Тараптар Бас келісімге қол қойылғаннан кейін салалық және өңірлік деңгейде келісімдерді әзірлеуге, түзетуге және қабылдауға қатысатын байқаушылар тобына қосу үшін өз өкілдерін айқындауға құқылы болады.
8.2. Қалыптастырылған байқаушылар топтары Бас келісімнің ережелерін сақтауда сәйкессіздіктер анықталуына қарай, Бас келісімге осындай сәйкессіздіктерді сақтау мәселелерін бөліп көрсете отырып, салалық және өңірлік деңгейлерде келісімдерді әзірлеу, түзету және қабылдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы өз тараптарын хабардар етеді.
8.3. Салалық және өңірлік деңгейлердегі әлеуметтік әріптестік тараптары байқаушылар тобының келісімдерді әзірлеуге және қабылдауға қатысуын қамтамасыз етеді.
- ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТӘРТІБІ
9.1. Тараптар барлық тараптардың өзара келісімі бойынша қабылданатын, Бас келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген қосымша келісімдермен ресімделетін және оларға қол қойылған күннен бастап күшіне енетін осы Келісімге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге бастама жасауға құқығы бар.
9.2. Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген және (немесе) Бас келісімнің кез келген тарапының міндеттемелерін орындауға тікелей ықпал ететін өзге де мән-жайлар туындаған жағдайда, Тараптар оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы мәселені қарауға міндетті.
9.3. Бас келісімге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы қосымша келісімге қол қойылған күннен бастап, ол жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен өзгертілген редакциядағы Бас келісімнің мәтінімен бірге ресми жариялануға тиіс.
9.4. Бас келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары оларға қол қойылған күннен бастап бір ай мерзімде енгізілген өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға сәйкес келтіріледі.
- ТАРАПТАРДЫҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ
10.1. Тараптар Бас келісім шеңберінде өздеріне алған міндеттемелердің орындалмауына, сондай-ақ Бас келісімнің орындалуын бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты беруге, көрсетілген келіссөздерді жүргізу мерзімдеріне сәйкес Келісімді өзгерту немесе толықтыру жөніндегі келіссөздерге қатысуға, сондай-ақ Тараптар айқындаған мерзімдерде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Республикалық үшжақты комиссияның жұмысын қамтамасыз етуге жауапты болады.
10.2. Тараптар бір-бірінің қызметіне заңсыз араласуға, сондай-ақ кәсіподақтар мен олардың бірлестіктерін (қауымдастықтарын, одақтарын), сондай-ақ жұмыс берушілер бірлестіктерін (қауымдастықтарын, одақтарын) қалыптастыруға, олардың жұмыс істеуі мен қызметі үшін кедергі жасауға және (немесе) шектеу жағдайларын жасауға жол бермейді.
10.3. Бас келісімде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұғымдар пайдаланылады.
10.4. Бас келісімнің күші белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілерге, жұмыскерлерге және олардың өкілдеріне қолданылады.
Салалық және өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) келісімдер, ұжымдық шарттар Бас келісімге, онда қамтылған Тараптардың міндеттемелеріне және Республикалық үшжақты комиссияның шешімдеріне сәйкес әзірленеді, жасалады және түзетіледі.
10.5. Бас Келісім қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және келесі кезеңге Бас келісім күшіне енгенге дейін қолданылады.
Бас келісім Астана қаласында 20__ «___» ___________ мемлекеттік және орыс тілдерінде бірдей заңды күші бар, Тараптардың әрқайсысы үшін ____ данада жасалды.
Осы Бас келісімге қол қойды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Дүйсенова Т.Б.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Жақыпова С.Қ. | |
Республикалық жұмыс берушілердің бірлестіктері атынан:
«Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілерінің (кәсіпкерлерінің) Ұлттық конфедерациясы» президиумының төрағасы Жанықұлов Ж.Е.
«Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» атқарушы директоры Радостовец Н.В.
«KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының бас директоры Ибрашев К.Н. | |
Кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері атынан:
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Дәулеталин С.Т.
Қазақстанның еңбек конфедерациясының бас хатшысы Машкенов М.Р.
«Аманат» ҚКЫ төрағасы Пригорь А.И. |
