Новости

Көшпелі кеңес көпшіліктің көңілінен шықты

2025 жылы 18 сәуірде «Білім және ғылым мекемелері мен кәсіпорындары және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі  Атқару комитетінің Түркістан облысы, Келес ауданында  көшпелі отырысы болып өтті.  «Білім және ғылым қызметкерлерінің Ақсу аудандық жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы А.Ә.Маралов,  «Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты мекеме қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Н.Т.Байғұтов,  «Білім және ғылым қызметкерлерінің «Демеу» Алматылық жергілікті кәсіподағы» ҚБ «Қамқор-2» филиалының төрағасы Ұ.Әбек, «Білім және ғылым қызметкерлерінің «Демеу» Алматылық жергілікті кәсіподағы» ҚБ «Қорғау» филиалының төрағасы К.Нұрлыбай,  «Білім және ғылым қызметкерлерінің «Демеу» Алматылық жергілікті кәсіподағы» ҚБ «Негіз» филиалының төрайымы Ү.Ғ. Молдаханова қатысты. Сонымен қатар, отырысқа Келес ауданының бірқатар мемлекеттік мекемелерінің өкілдері де қатысқанын айта кету керек. Атап айтар болсақ: аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Юсупов Мұрат, аудандық ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Сатенов Тазабек, білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Омаров Мұқағали, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Есенаманов Арнұр, қоғамдық кеңес төрағасы Әбішев Ергешбай, өрт қауіпсіздік қызметінің басшысы Лесбаев Жеңіс, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің басшысы Слан Нұрсұлтан, білім бөлімінің әдіскері Қасымбекова Гүлназ. Келелі кеңесте: «Ұжымдық шарт–еңбек қатынастарының маңызды құралы» тақырыбында баяндама (баяндамашы — «Білім және ғылым мекемелері мен кәсіпорындары және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ бас маманы Бексейітова Д.Ж.). «Кәсіподақ жұмысындағы ақпараттық жұмыс-тұрақтылық кепілі» тақырыбында баяндама (баяндамашы — Түркістан  облысы, Келес ауданы бойынша Сапарәлі Селтанов атындағы  білім, спорт және бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Селтанов Е.С.).

Төрағалық етуші Т. Естенов отырыстың күн тәртібімен және жұмыс регламентімен таныстырып өтті. Жиналыстың күн тәртібі және жұмыс регламенті бірауыздан қабылданды. «Ұжымдық шарт – еңбек қатынастарының маңызды құралы» Д. Бексейітова, «Кәсіподақ жұмысындағы ақпараттық жұмыс- тұрақтылық кепілі» Е. Селтанов баяндама жасады. Жарыссөзге шыққандар да мінберге көтерілді.

Байғұтов Н.Т. – Түркістан облысы бойынша білім басқармасына қарасты мекемелер қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы: екі баяндамада да бүгінгі күннің өзекті мәселелері жақсы қамтылды. Ұжымдық шартта басшылар мұғалімдердің жағдайын жақсартатын жағдайларға баса назар аударулары қажет, себебі мұғалімдерге жақсы жағдай туғызу – білім мен тәртіпке жағдай жасау. Еңбек қауіпсіздігі туралы айтар болсам, санитарлық-эпидемиологиялық мекемелер, өртке қарсы қызмет оқу жылының алдында білім беру мекемелерін дайындығын тексереді, бәрі дұрыс болады. Ал оқу жылы бастала салысымен кемшіліктер анықтала бастайды. Неге, сонда тексеру қалай жүргізіледі? Отырысқа қатысып отырған аталған қызметтердің өкілдерінен осы жағдайға баса назар аударуларын сұраймын. Ақпараттық жұмыс кәсіподақтың жұмысын айғақтайды. Тәжірибе алмасуда да ақпараттық жұмыстың маңызы зор деп білемін.   

Смағұлов С.С. – Алматы облысы, Балқаш ауданы, «Бірлік» филиалының төрағасы: Басты міндетіміз – еңбек дауларының алдын алу. Бұл жерде айта кететін мәселе әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымдары жетекшілері негізгі жұмыстары бойынша мектеп мұғалімдері, негізгі жұмыстарынан босатылмаған, яғни олар мектеп директорларына тәуелді. Солай бола тұра, жұмысшы мен жұмыс беруші арасында дау туындаған жағдайда, кәсіподақ жетекшісі мектеп басшылығымен келіссөз жүргізіп, өз ұстанымын білдіріп, даудың объективті шешілуіне, кәсіподақ мүшесінің құқығының қорғалуына ықпал етіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, жұмысшы мен жұмыс беруші арасында алтын көпір болып жүр. Еңбек қауіпсіздігіне келер болсам, біздің аудан мектептері дизельмен жылытылады. Газ тартылса өрттің алдын алуға болады. Екі баяндаманың да тақырыптары өзекті, назарға алынсын.

Алтеев Д.Д. —  Түркістан облысы, Келес ауданы, №62 Н. Шойбеков атындағы орта мектептің директоры: Д. Қонаев атындағы № 25 колледждің директоры: Бүгінгі отырыстың күн тәртібіне қойылған мәселенің өзекті екенін барлығымыз жақсы түсінеміз. Ұжымдық шартты қабылдаудың алдында жұмысшы топтары жұмыс жүргізіп, тараптардың міндеттерін өз жағдайымызға қарап пысықтаймыз. Бастауыш кәсіподақ ұйымымен мүмкіндіктерімізді қарап, келісіп ұжымдық шартты кәсіподақ мүшелерінің жалпы жиналысында талқылаймыз және еңбек инспекциясында бекітеміз. Ұжымдық шарт формалды сипатта қалмауы керек, ол нақты жұмыс істеп өз нәтижесін берсе, қызметкер мен жұмыс берушінің арасында сенімді қарым-қатынас орнайды.

Қасымбек Ж.Н. – Алматы экономикалық колледжінің директоры: Баяндамада өте жақсы мәселе көтеріліп отыр. Білім сапасын көтереміз, жақсы маман дайындаймыз десек, ұстаздардың жағдайын жасауымыз керек. Әрине, бұл жерде кәсіподақтың белсенділігі үлкен роль атқарады десек те, барлығын тек кәсіподаққа артып қою дұрыс емес. Ол үшін жұмыс беруші мен кәсіподақ тығыз байланыста жұмыс жасауы тиіс. Кәсіподақпен бірлесе отырып жас мамандарды жұмысқа қалыптастыру бағытында жұмыс жасаймыз. Жұмыстан тыс уақытта мәдени-көпшілік іс-шараларын ұйымдастырып отырамыз. Бұл шаралар ұстаздар қауымын жұмысқа ынталандырады әрі ұжым мүшелерінің арасында достық, жайлы жағдайларды қалыптастыруға өз септігін тигізеді. Колледжде ұжымдық шартты қабылдарда әр тармағын ақылдасып, келісе отырып ұсынамыз. Соңында ұжымда талқылап барып қол қоямыз.

Ширимбетов Б.Д. — Түркістан облысы, Келес ауданы, №13 Т.Бигелдинов  атындағы орта мектеп бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы: Бүгінгі басқосуымызда қаралып отырған «Кәсіподақ жұмысындағы ақпараттық жұмыс- тұрақтылық кепілі» тақырыбы өте өзекті деп санаймын. Бүгінде кәсіподақтың беделі  оның мүшелерімен қалай жұмыс істейтініне, ақпаратты қалай жеткізетініне байланысты. Мектебіміздің бастауыш кәсіподақ ұйымы қаржы бөліп, атаулы іс-шаралар өткізіп келеді. Кәсіподақ ұйымы тарапынан ұйымдастырылған барлық іс-шаралар мектептің Fakebook парақшасына жарияланып отырады. Бұл кәсіподақ жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, мүшелердің сенімін нығайтады. Сондықтан біз, кәсіподақ белсенділері, ақпараттық жұмысты жаңаша ұйымдастырып, заманауи тәсілдерді меңгеруге, ұжыммен кері байланысты жолға қоюға күш салуымыз керек. Осы арқылы ғана біз тұрақтылықты қамтамасыз етіп, еңбек адамының мүддесін толық қорғай аламыз.

Мұстафина Б.Б. – Әл-Фараби атындағы мамандандырылған лицейдің директоры: Бүгінгі бас қосуымызда қаралып отырған ұжымдық шарт тақырыбы өте өзекті мәселе деп ойлаймын. Біздің лицейде де тараптардың келіссөздерінің қорытындысы бойынша ұжымдық шарт рәсімделді, еңбек инспекциясында тіркеуден өтіп, ұжымның сайтына орналастырылды. Ұжымдық шартта өз тарапымыздан жұмысшылардың жағдайларын жақсартуға бағытталған басқа міндеттемелер де енгізілді. Мысалы, бала тууына байланысты 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), қызметкердің қайтыс болуына байланысты – 20 АЕК, некеге тұруына байланысты – 10 АЕК,  бала асырап алуға байланысты – 20 АЕК, емделуге байланысты – 15 АЕК көлемінде кәсіподақ қаржысынан төлененетін болып келісілді. Лицей әкімшілігі барлық әлеуметтік-құқықтық мәселелерді кәсіподақ ұйымымен бірлесе отырып шешеді.

Молдаханова Ү.Ғ. – Алматы облысы, Қонаев қалалық «Негіз» филиалының төрайымы: Бүгінгі бас қосуымызда қаралып отырған «Кәсіподақ жұмысындағы ақпараттық жұмыс–тұрақтылық кепілі» тақырыбы өте өзекті деп санаймын. Ақпараттандыру ұйым ішіндегі сенімділікті арттырудың, мүшелердің белсенділігін көтерудің және еңбек қатынастарын тұрақтандырудың негізгі факторы болып табылатыны туралы баяндамада толыққанды айтылды. Кәсіподақ жұмысындағы ақпараттық жұмыс – бұл ұйымның мүшелерімен және қоғаммен тиімді байланыс орнату, кәсіподақтың мақсаты мен міндеттерін түсіндіру, және мүшелердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы рөлін насихаттау бағытындағы қызмет болып табылады. «Білім және ғылым қызметкерлерінің «Демеу» Алматылық жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Негіз» филиалының 2024-2025 оқу жылының жылдық жұмыс жоспарына сәйкес бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына, сонымен қатар үздік ұстаздар мен кәсіподақтың жастар қанатының белсенділеріне арналған «Кәсіподақ және қоғам: заманауи көзқарас» тақырыбында семинар өтті. Оқу барысында тыңдаушылардың назарына жергілікті кәсіподақтың білім және ғылым саласындағы мемлекеттің әлеуметтік саясатын іске асыруға қатысу, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін заңды қорғау, оларды сауықтыру, кәсіподақ қызметін ақпараттық қамтамасыз ету, ұйымдастырушылық және кадрлық мәселелер туралы ақпараттар жеткізілді. Қонаев қаласы бойынша білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес әр тоқсан сайын қалалық білім бөлімінің басшысы, білім бөлімінің мамандары, әдіскерлері, білім беру мекемелерінің басшыларының қатысуымен ұйымдастырылатын қалалық білім бөлімінің кезекті алқа мәжілісі «Негіз» флилиалының төрағасының қатысуымен өткізіледі. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндамалар тыңдалып, талқыланады, сұрақтарға жауап беріледі, ұсыныстар айтылады. Бұл іс-шаралардың нәтижесі электрондық пошта, мессенджерлер және әлеуметтік желілерде және баспасөз беттерінде (жергілікті «Нұр өлке» газеті) жарияланып, таратылады. Қорыта айтқанда, ақпараттық жұмыс кәсіподақтың сенімді имиджін қалыптастыруға, оның ашықтығын қамтамасыз етуге және мүшелердің белсенділігін арттыруға көмектесетінін ескере отырып, ұсынылған баяндаманы қанағаттанарлық деп есептеймін.

 «Білім және ғылым мекемелері мен кәсіпорындары және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестіктің Атқару комитетінің алдын-ала таратылып берілген қаулыларының жобалары талқыланды. Қаулылардың жобалары негізге алынсын деген ұсыныс түсіп, бірауыздан қабылданды.