Кәсіподақ – татулықтың тірегі
Кәрібай ҚОЖАҒҰЛ, Алматы облысы оқу-ағарту және бюджеттік қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы.
Шонжыдағы №1 мектеп лицейінің мәжіліс залында кәсіподақтар күніне арналған салтанатты кездесу өтті. 10 қазан кәсіподақтардың кәсіби мерекесі ретінде жылда атап өту үрдіске айналған. Бұл күні еңбек адамын ардақтап, кәсіподақ қозғалысының маңызын атап өту күні болып табылады. Биыл Қазақстанның кәсіподақ қозғалысына 120 жыл толып отыр. Жиынды Алматы облысы оқу ағарту және бюджеттік қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы ретінде өзім жүргіздім. Аталмыш шарада кәсіподақтың белсенді мүшелерін шын жүрегімен құттықтап, олардың қоғамдық жұмыстағы көшбасшылық қабілеттеріне алғысымды айттым. Сонан соң тоғыз айда атқарылған кешенді жұмыстарға жұмсалған қаржының есебін бердім. Әрине мерекелік шара болғандықтан еңбегімен еленген адамдарға лайықты марапатын табыстадым. Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын алған белсенділер бірін-бірі құттықтап мәз-мейрам болыып, ризашылықтарын білдірді. Аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрәкім Есжан жиналған қауымға өзінің жүрекжарды ізгі ниетін білдіріп, еңбекші қауымның ерен еңбектеріне жеміс тіледі. Мұғалімдер қашанда алдыңғы қатарда болатындығына сенім білдіріп, кәсіби мерекелерімен құттықтадым. Сөз кезегінде аудандық ұйғыр этномәдениет орталығының төрағасы Арлен Османов мырза жиналған жұртшылыққа ыстық ықыласын білдіріп, білім саласында еңбек етіп жүрген жандардың жауапты істеріне табыстар тіледі. Этномәдениет орталығының өнерпаздары мен өнер саласында жүрген өнерпаздар ән айтып, би билеп, кештің көрігін қыздырды. «Кәсіподақ – татулықтың тірегі» деген тақырыппен өткен шарада тек мақтау, марапаттау ғана емес, бүгінгі таңдағы шешімін таппай отырған келелі мәселелер де талқыланды. Кәсіподақтардың тек еңбек шарттарын қорғаумен шектелмей, сонымен қатар ұжым ішіндегі мәдени-рухани жұмыстар мен әлеуметтік жобаларға да үлес қосып отырғанын айта кеткен жөн. Кәсіподақ қозғалысының шынайы күшке айналғанын, еңбек адамын құрметтеу және кәсіподақтардың елдегі әлеуметтік әріптестік бағытында кәсіби қызмет көрсетіп келе жатқаны тілге тиек болды. Қазақстан кәсіподақтары жаңа ғасырда да ел игілігі үшін қызмет етіп, қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшіліктің негізі болып қала бермек. Ұлағатты ұстаздардың басын қосқан маңызды кездесу мерекелік көңіл-күймен аяқталды.
