Новости

Ұстаз – ұлт шамшырағы  

2023 жылдан бері Қазақстанда Ұстаздар күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі. Бұл күні еліміздің түкпір-түпірінде ұстаз еңбегін ұлықтауға арналған әртүрлі мерекелік шаралар өтеді. Осы шара барсаңында  еліміз бойынша 25 қыркүйек пен 5 қазан аралығында «Ұстаз – ұлт шамшырағы» онкүндігі өтуде. Оның аясында өңірлерде күн сайын педагогтерге арналған мерекелік және тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл бастама педагог мәртебесін көтеруге, ұстаз мамандығын кеңінен насихаттауға, оның қоғамдағы ерекше рөлін баса  көрсетуге бағытталған. Ұстаздық – мамандық қана емес, ұлы миссия. Педагогтер өскелең ұрпақты тәрбиелеп, ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастырады, әр баланың өз жолын табуына көмектеседі. Қазіргі таңда еліміздегі 22 мыңнан аса білім беру ұйымында 6 миллионға жуық оқушыға 600 мыңнан астам педагог білім беруде. Оқу-ағарту министрлігі «Ұстаз – ұлт шамшырағы» онкүндігі аясында «Ұстазыңды құттықта» челленджін жариялайды. Бұл шараның мақсаты әр балаға тәлім мен тәрбие, өнеге берген, оның тұлғалық қалыптасуына үлес қосқан ұстазға алғыс пен құрмет сезімін білдіру.  Ұстаз жай ғана мамандық емес, ол – жүректің таңдауы, жанның шырағы. Ұстаз  әрбір адам баласының өміріне із қалдыратын, болашағына жол сілтейтін жарық жұлдыз. Ұстаз шәкірттің бойындағы ұшқыннан алау тұтататын адам. Ол тек білім беріп қана қоймайды, ол адам тәрбиелейді, тұлға қалыптастырады, өмірге деген көзқарасты қалыптастырады. Әр оқушы  ұстаздың айнасы, ал әр жетістік оның ерен еңбегінің жемісі. Ұстаз болу шыдамдылықтың, мейірімділіктің және шексіз жауапкершіліктің белгісі. Ол әр баланың жан дүниесіне үңіліп, оның қабілеті мен мінезін түсініп, жүрекпен жұмыс істейді. Бұл ешбір машина, жасанды интеллект немесе оқулықтың қолынан келмейтін қасиет. Уақыт өтеді, ұрпақ ауысады, технология дамиды. Бірақ балаға білім мен тәрбие беретін, адамдық қасиетті бойына сіңіретін тұлға әрдайым ұстаз болып қала береді. Ұстаздың сөзі ұлағат, әрекеті үлгі, өмірі өнеге. Міне, осы ұстаздар күніне орай 2025 жылдың 30 қыркүйек күні  «Алматы облысының оқу-ағарту және  бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы»  қоғамдық бірлестігінің Талғар аудандық филиалы, 2025-2026 оқу жылындағы ұстаздардың Еліміздің болашақ ұрпағына білім беру мен тәрбиелеу ісіндегі адал еңбек етумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін марапаттап құрмет көрсетті. Атап айтсақ: «Ұлағат» білім және қызметкерлері салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төс белгісімен Абдикерова Айымкуль Исаевна — Жаңалық ауылындағы №27 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі марапатталды. «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қайраткер» төсбелгісімен Кисыкова Гульбахыт Койчиевна -Талғар қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы №7 мектеп лицейінің кітапхана меңгерушісі марапатталды. Сонымен қатар, бес ұстазға «Алматы облысы оқу-ағарту және бюджеттік ұйымдары қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төс белгісімен Алмабекова Эльмира Токтарбаевна — Кеңдала ауылындағы №42 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Бахаткалиев Инара Жарылкасымовна — Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 орта мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі,

Масимбаева Гаухар — Алмалық ауылындағы №18 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Садыкова Жазира Серикжановна-Талғар қаласы №2 орта мектебінің орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі, Тұрсынова Мейрамгуль Кабденовна-Қарабұлақ ауылындағы №22 орта мектебінің кітапхана меңгерушісі марапатталды. Ал үш ұстазымыз Турдикулова Макбал Нурмухамбетқызы — Талдыбұлақ ауылы №34 орта мектеп-гиназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, «Облыстық тоғыз құмалақ» бас жүлде иегері, Сауранбаев Али — Қызыл-ту ауылындағы №24 орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, шағын футболдан «Облыстық үздік ойыншы» атағын иеленгені үшін, Сағатбек Айда Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 орта мектеп-гиназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, волейболдан «Облыстық үздік үйлестіруші» атағын иеленгені үшін Алматы облысының білім басқармасы» дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының Құрмет грамотасымен және ақшалай сыйлығымен марапатталады. Сондай-ақ, Алматы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен 41 ұстаз марапатталса, «Алматы облысының оқу-ағарту және  бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы»  қоғамдық бірлестігінің  Талғар аудандық филиалының марапатымен 30 ұстаз марапатталды. Сөзімнің соңында ұлағатты ұстаздарға алғысымды айта кетсем деймін. Сіздерге шын жүректен шексіз алғысымызды білдіреміз! Білім мен тәрбиенің шырағы болып, болашақ ұрпақты жарық жолға бағыттағандарыңыз үшін рахмет! Сіздердің сабырлы да ізгілікті жүректеріңіз әр оқушыға үміт сәулесін береді. Дендеріңіз сау, көңілдеріңіз шат болсын! Еңбектеріңіз әрдайым жемісті болып, шәкірттеріңіз бақытты болсын! Ұстаздар күні құтты болсын!

Игі тілекпен, Гүлжамал Хасенова,

«Алматы облысының оқу-ағарту және  бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің  Талғар аудандық филиалының төрайымы.