Ұстаздардың тамыз конференциясы болып өтті
Астана қаласында «Адам капиталы, білім, прогресс – халықтық конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбында Ұстаздардың республикалық тамыз конференциясы өтті. Еліміздің білім беру саласындағы маңызды басқосуға мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер, сарапшылар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференция жұмысына «Ұлағат» білім және ғылым ұйымдары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Л.Уралбаева қатысты. Білім мен адам капиталы – ел дамуының негізгі тірегі конференция барысында білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін дамыту, адам капиталын қалыптастыру, білім беру жүйесін жаңғырту және қоғамдағы ұстаз мәртебесін одан әрі нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Іс-шараның негізгі тақырыбы Қазақстанның жаңа қоғамдық даму кезеңіндегі білімнің стратегиялық маңызын айқындай түсті. Білімді ұрпақ тәрбиелеу, педагогке қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыру және ұстаз еңбегін қоғамдық тұрғыдан қолдау – елдің тұрақты дамуының маңызды факторлары екені атап өтілді. Конституциялық құндылықтар және қоғамдық диалог тамыз конференциясы аясында Конституцияның қоғам өміріндегі маңызына, оның негізгі құндылықтарын кеңінен насихаттауға және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға ерекше мән берілді. Іс-шара барысында Мемлекет басшысының еңбектері қатысушыларға таныстырылып таратылды. Сонымен қатар конституцияның негізгі ережелері мен құндылықтарын кеңінен таныстыру мақсатында оның қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі басылымдары ұсынылды. Бұл бастамалар конституция құндылықтарын жас ұрпақтың санасына сіңіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамдық жауапкершілікті күшейту бағытындағы маңызды қадам ретінде бағаланды. Педагог мәртебесі – кәсіподақтың басты назарында конференцияға Л.Уралбаеваның қатысуы да білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Кездесу барысында педагогтердің кәсіби қызметін қолдау, еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету және білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелеріне назар аударылды. «Ұлағат» білім және ғылым ұйымдары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы педагогтердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, олардың кәсіби дамуына қолдау көрсету және білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді. Еліміздегі республикалық тамыз конференциясы – жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру саласының басымдықтарын айқындап, педагогтер қауымының кәсіби мәселелерін ортақ алаңда талқылауға мүмкіндік берген маңызды іс-шара болды.
Л.Уралбаева,
«Ұлағат» білім және ғылым ұйымдары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрайымы.
