Аудандық білім саласындағы кәсіподақтың үлесі зор
Нұржан Оралханова, «Алматы облысының оқу-ағарту және бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Талғар аудандық филиалының маманы.
Кәсіподақ – бұл қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған қоғамдық ұйым. Аудандық деңгейдегі білім саласындағы кәсіподақтар осы бағыттағы жұмыстың маңызды буыны болып табылады. Аудандық білім саласындағы кәсіподақ комитеттері ұстаздардың құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту, әділетті жалақы төлеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру сапасын арттыруға жанама түрде ықпал ету мақсатында жұмыс атқарады. Олар мұғалімдер мен басқа да білім беру қызметкерлерінің мәселелерін тыңдап, оларды шешу жолдарын жергілікті билік органдарымен бірлесіп қарастырады. Кәсіподақтың негізгі қызметтерінің бірі – ұжымдық шарттар жасау. Бұл шарттар арқылы мұғалімдердің еңбек кестесі, демалыс уақыты, қосымша төлемдер және әлеуметтік кепілдіктер нақты көрсетіледі. Сонымен қатар кәсіподақтар жыл сайын педагогтердің кәсіби мерекелерін атап өту, демалыс орындарына жолдамалар беру, балалар лагерлеріне жеңілдікпен жіберу сияқты әлеуметтік шараларды да ұйымдастырады. Кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында семинарлар, тренингтер мен кездесулер өткізу де маңызды рөл атқарады. Бұл ұстаздарға өз құқықтарын білуге және қажет жағдайда оларды қорғауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кәсіподақ ұйымдары білім беру жүйесін жаңғырту мәселелеріне де белсенді араласып келеді. Олар мұғалімдердің ар-намысы мен мәртебесін қорғау, жұмыс жүктемесін әділетті бөлу және педагог еңбегін бағалау секілді өзекті мәселелерді көтеруде. Аудандық білім саласындағы кәсіподақтың жұмысы – тек әлеуметтік қорғау ғана емес, сонымен қатар білім беру жүйесінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етудің бір тетігі. Бұл ұйымның белсенділігі мен әділдігі ұстаз еңбегінің лайықты бағалануына кепіл бола алады.
Мектептегі кәсіподақ төрайымдарының рөлі мен маңызы
Мектептегі кәсіподақ ұйымы білім беру мекемесінің ішкі ұжымдық қатынастарын реттейтін, мұғалімдер мен қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғайтын маңызды құрылым. Ал осы ұйымның жүрегі – кәсіподақ төрайымы. Ол ұжым мен басшылықтың арасындағы алтын көпір іспетті. Кәсіподақ төрайымы сайланып қойылатын лауазымды тұлға. Ол мектеп ұжымының сеніміне ие болған, жауапкершілігі мол, әділ әрі белсенді адам болуы тиіс. Төрайымның негізгі міндеті – ұжым мүшелерінің құқықтарын қорғау, еңбек заңдылығының сақталуын бақылау, әділетсіздікке жол бермеу және әріптестерінің әлеуметтік жағдайына назар аудару. Мектептегі кәсіподақ төрайымдары мұғалімдердің жұмыс жүктемесінің әділ бөлінуін, еңбек демалыстарының уақытылы берілуін, қосымша төлемдердің дұрыс есептелуін қадағалайды. Сонымен қатар, олар әріптестердің өміріндегі маңызды оқиғаларға қатысып, қуаныш пен қиындықта жанынан табылады – мысалы, туған күн, зейнеткерлікке шығу, сырқат жағдайларында көмек көрсету секілді істермен айналысады. Кәсіподақ төрайымдары мерекелік іс-шараларды ұйымдастырудың, ұжымдағы татулық пен ынтымақтастықты нығайтудың бастамашылары. Олар түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар мен спорттық жарыстарға мұрындық болып, мектептің рухын көтеруге де зор үлес қосады. Сонымен қатар, төрайым аудандық кәсіподақ комитетімен де тығыз байланыста жұмыс істеп, мектеп ұжымының мүддесін жоғары деңгейде қорғай біледі. Қажет жағдайда мұғалімдердің мәселесін аудандық деңгейде көтеріп, шешімін табуға атсалысады. Мектеп кәсіподақ төрайымының міндеті мен мақсаты – білім беру мекемесінде жұмыс істейтін қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал ету. Толығырақ тоқталсақ: Қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау; Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу; Ұжымдағы ынтымақтастық пен әділеттілікті қамтамасыз ету; Қызметкерлердің еңбек жағдайын, қауіпсіздігін және денсаулығын қорғауға атсалысу; Мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру. Ал, міндеттері: Еңбек заңнамасының орындалуын бақылау (еңбек шарты, жұмыс уақыты, демалыс, еңбекақы); Мұғалімдер мен басқа қызметкерлердің құқықтарын қорғау (дау туындағанда, әкімшілікпен келіссөз жүргізу); Келісім-шарттарды дайындауға қатысу (ұжымдық шарт, келісімдер); Қызметкерлерге материалдық көмек көрсетуге ықпал ету (мерзімдік жәрдемақы, қайырымдылық көмек); Мүше қызметкерлердің өтініштерін қарау және мәселені шешу; Мерекелер мен іс-шаралар ұйымдастыру (наурыз, мұғалімдер күні, спорттық жарыстар және т.б.); Мемлекеттік және салалық бағдарламалардың орындалуына атсалысу. Қорыта айтсақ, мектептегі кәсіподақ төрайымы жай ғана ұйымдастырушы емес, ол – ұжымның сенімді серігі, қорғаушысы әрі моральдық тірегі. Мұндай адамдардың еңбегі арқылы ұжымда әділдік пен бірлік орнайды, ұстаздардың көңіл күйі мен еңбекке деген ынтасы артады. Сондықтан да кәсіподақ төрайымының рөлі мектеп өмірінде аса маңызды әрі құрметті. Міне, жоғардағы аудандық кәсіподақ төрайымдарының жұмысын бағалай отыра мен кәсіподақты әртүрлы образдарға теңер едім. Бұл теңеулер оның қоғамдағы және еңбек ұжымындағы рөлін бейнелі түрде сипаттауға көмектеседі.
Кәсіподақ неге теңеуге болады?!
Кәсіподақ қызметкерлерді әділетсіздік пен заңсыздықтардан қорғайтын – қалқан. Себебі ол мұғалімдердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғайды, дау туған жағдайда араша түседі. Кәсіподақ мұғалім мен басшылық, сондай-ақ қызметкер мен билік арасын жалғайтын – көпір. Бұл ұйым ұжым мен әкімшілік, немесе жергілікті билік органдары арасында келісім мен диалог орнатады. Кәсіподақ ұжымның – жүрегі. Өйткені, оның ішінде барлық мүше мен әріптестердің жағдайына алаңдайтын тірі механизм. Себебі кәсіподақ адам жағдайын бірінші орынға қояды, көмек пен қолдауды уақытында ұсынады. Кәсіподақ ұстаздың сенімді – тірегі. Қиын сәтте арқа сүйеп, моральдық әрі құқықтық қолдау көрсетеді. Кәсіподақ ұжым мүшелерін біріктіретін үлкен – отбасы. Мүшелердің қуанышына ортақтасып, қайғысына жәрдемдесетін ұйым. Кәсіподақ ұстаздарға еңбек жолында бағыт-бағдар беретін – жолбасшы. Жаңадан келген жас мамандарға бағыт көрсетіп, тәжірибелі ұстаздарға қолдау танытады. Кәсіподақ кейде көзге көрінбейтін, бірақ қажет кезде жанға жағатын – көктемгі жаңбырдай. Оның жұмысы күнде көріне бермесе де, нәтижесі ұжымның жайлылығы мен тыныштығында сезіледі. Алдағы уақытта да кәсіподақ еңбекшілердің жанашыры һәм қамқоршысы бола береді деген ойдамыз.
